Главная / Новости / Еске алу. Көзінде тек мейірім тұнып тұрды

Еске алу. Көзінде тек мейірім тұнып тұрды

calendar02.09.2020 calendar10:29

 Әр  адам  баласына Алла Тағаланың маңдайына жазып, өлшеп берген ғұмыры бар.  Ай мен күннің амандығында асқар тауымыз әкемізден қапыда көз жазып қаламыз,-деп кім ойлаған?!   "Жақсы әке балаға қырық жыл азық",-деген ата сөзін айта отырып, абыройға бай, елінің біртуары, нар тұлғалы азаматтың перзенті болғанымызды мақтан тұтамыз.

Денінің саулығына, көңіл-күйінің хоштығына қарап, біз әкемізді әлі де болса, біраз жасты еңсереді деген ойда жүретінбіз. Ажал періштесі кімді күтсін, кімді аясын, 66 жасқа қараған шағында алды да, кетті. Жүрегімізге үлкен қайғы орнатқан, біздің ғана емес талайдың жүрегіне батқан зіл қара тас. Аспан айналып жерге түскендей күй кештік. Алыс-жақыннан келген ағайын -туыс, дос-жаран, тамыр-таныстар жанымыздан табылып, қолдауын танытып, қайғымызбен бөлісті. Келген жанның барлығы "Мұрат ағамыз өте жақсы  азамат еді, жаны таза, жүрегі кең, еңбегі адал еңбек адамы. Қашан көрсең күлімдеп жүреді. Жаны пейіштен болсын",-деп ауыз толтыра айтып жатты. Енді тек әкемізбен өткізген әр күнді, әрбір сәтті, бақытқа толы жылдарды сағынышпен еске алудан басқа амалымыз қалмады. Құран оқып, дұға етіп ғана рухына құрмет көрсете аламыз. Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Әкеміздің өмірден өткеніне де, қырық күн толыпты. 

Мұрат Құлмырзаұлы Тағаев Республикамыздың дамуына, еліміздің экономикалық, әлеуметтік әл-ауқатының көтерілуіне елеулі үлес қосқан нар тұлғалы азамат. Елдегі баламасы жоқ, күркетауық етін озық технологиялы әдіспен өндіретін "Ордабасы Құс" ЖШС-нің  негізін қалаған, басқарған белгілі кәсіпкер. Ол 1955 жылдың 9 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Қапланбек атындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. Мамандығы-зооинженер. 

Еңбек жолын 1974 жылы Қазығұрт ауданы, Коммунизм" қой кеңшарында кіші малдәрігерліктен бастаған. 1979-1981 жылдары Маңғыстау облысының 
"Ақтау құс фабрикасында зоотехник, бөлімше бригадирі, 1981-1994 жылдары Ордабасы ауданы "Бөген" бройлер құс фабрикасының бригадирі, зоолаборатория меңгерушісі, бас зоотехнигі және директоры, 1994-2007 жылдары "Қайнар құс" акционерлік қоғамының бас директоры қызметтерін абыроймен атқарған. 1999 жылдан бері "Нұр Отан" партиясының мүшесі. 2002-2008 жылдар аралығында "Нұр Отан" партиясының   Ордабасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 1994-2005 жылдардағы Ордабасы ауданы мәслихатының І-ІІ шақырылым депутаты. 2005-2012 жылдары ОҚО мәслихаты ІІІ-ІV шақырылымының депутаты. 2000 жылдың 27 шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясы атынан қауіпсіз өндірістік отандық өніммен қамту мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке қабылдауында болды. 2004 жылы Ордабасы ауданының, 2018 жылы Қазығұрт ауданының құрметті азаматы. 2019 жылы Түркістан облысының құрметті азаматы. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-25 жыл" медалі иегері. 2016 жылы "Еңбек даңқы" ІІІ дәрежелі төс белгісімен марапатталған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей жарлығымен 2011 жылы Құрмет орденімен, 2019 жылы әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына сіңірген еңбегі үшін Парасат орденімен марапатталған. 

Ол басқарған "Ордабасы Құс" ЖШС-і Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығының иегері, Ұлыбританияның Оксфордттық сапа сертификатын, Париж қаласында Тәуелсіз қоғамдық сапа жөніндегі алтын медалін алды.

Ардақты әкеміз ел құрметіне бөленіп қана қоймай, әрбір елінің азаматы үшін қам жейтін. Қайырымдылық істерден қалыс қалмастан, облысымыздың әл-ауқаты төмен көптеген отбасыларына әлеуметтік көмектер танытты. Осылайша елдің батасын алып, алғысына кенелді. Әрдайым жүзінен шуақ шашып жүретін. Қол астындағы әрбір қызметкерге жанашырлықпен, ағалық қамқорлықпен қарайтын. Балаларын да ел үшін адал қызмет етуге, білімді азамат, білікті маман болуға тәрбиеледі. Маңдай термен тапқан нанның тәтті екенін ұғындырды. Ол кісінің ғибратқа толы ғұмырын, салған сара жолын, дөңгелеткен кәсібін, жеткен жетістіктерін, адамгершілік қасиеттерін айтар болсақ, бір кітапқа арқау боларлық дүние болары сөзсіз.

 
Жан әке, тағдыр сені шынықтырды,
Қайсы дос,қайсы дұшпан шын ұқтырды.
Ақтық демің таусылар күнге дейін,
Көзіңде тек мейірім тұнып тұрды.
Қырандай қалықтадың биіктерге,
Айналдың халқың үшін сүйікті ерге.
Енді бізге өзіңдей әке қайда, 
Ақ батасын беретін шығып төрге.


 Әкеміздің рухына арнап 5 қыркүйек күні қонақасы / 6 қыркүйек  12:00 де  өз шаңырағында  40-күндік асы өтеді. Мекен-жайы: Ордабасы ауданы, Қайнар елді мекені, Ғ.Мұратбаев көшесі 5 үй. Барша ағайын-туыс, құда-жекжат, дос жаран, тамыр-таныс, әріптестерін   Құран   ішінде   болуға   шақырамыз.

Тағаевтар  отбасы

cock

 Ежегодный Форум Птицеводов

Оставить заявку

Союз Птицеводов Казахстана @

Создание сайтов Astana-IT